Қамыстылық орманшы 20 жылдан астам орман алқабын қорғап жүр
Мереке қарсаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Қамысты орман шаруашылығы мекемесінде еңбек етіп келе жатқан Жанат Балшықбаевпен тілдескен болатынбыз.
Орман шаруашылығы қызметкерінің еңбегі – үлкен жауапкершілік. Олардың жұмысында көптеген қиындықтар бар. Табысқа жету үшін орманды жақсы көру және білу қажет.
Қамысты ауданының аумағына үш орман массиві жатады, олар Қамысты, Арқа, Қарабатыр ауылдарына қарайды. Жалпы аумағы 3 803 гектар. Аталған орман массивтері бекітілген орманшылардың қадағалауында. Орман алқаптарында өсімдіктер ғана емес, жан-жануарлар әлемі де ерекше бақылауда. Сол себепті, орманшы мамандар өз өмірін туған елінің табиғатын қорғауға арнап келе жатыр.
-Бір орында табан аудармай жұмыс істегеніме 22 жыл болады. Орманшы мамандығын оқыған емеспін. Орта-техникалық білімім бар. Күніне мотоциклмен бір уақыт айналып өтіп, бақылап қадағалап отырамын. Бұл қызметім өзіме ұнайды. Табиғаттың аясы, таза ауа. Біздің мамандықты таңдаған адамдар өз ісіне жауапты, туған өлкенің табиғатын қорғауға өмірлерін арнайды. Мен бақылайтын аумақ 1148 гектар. Ол 12 кварталға бөлінген. Біздің орман шаруашылығында еліктер, басқа да аңдар мекендейді, – дейді қарабатырлық Жанат Балшықбаев
Бұл төңіректе Жанат Балшықбаевтың табаны тимеген жер аз. Күндіз-түні орманды көлікпен аралайды. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығын да елемейді, еті үйренген.
-Бір жыл орманшы болғаннан кейін, бір жыл жұмыс істегеннен кейін ақырын-ақырын үйреніп, сосын басқа жұмысқа барғың да келмей қалады. Орман ол кісіні тарта береді. Ағашымен, аңдарымен, құстарымен. Көргеннен кейін қызығып, бұдан басқа жұмыс жоқ сияқты болып кетеді, – дейді ол.
Ерекше қорғалып келе жатқан Қарабатыр маңында орналасқан аумақты қамтитын орман шаруашылығында қылқан жапырақты қарағайлар аз емес. Елді мекен құрылғаннан бері мұндағы орманның көлемі көбеймесе, азаймаған.
Мұндағы ағаштардан ең құндысы – қарағай. Оттегіні жақсы бөледі, адамның денсаулығына өте пайдалы. Бізде басқа қарағайлармен салыстырғанда, шайыры мол, майлы әрі көп жылдық ағаштар. Олардың жуан бұтақтары төмен қарай салбырап, ағаш тамырларын көлеңкелеп жауып, ыстықтан қорғап тұрады. Қарағайлардың көп жасайтыны да содан. Сонымен қатар, шырша, қайың, терек, үшкір жемісті жиде, ақ қайыңдар өседі.
Ерекше мамандық иесі жаздың аптап ыстығында жасыл желекті өрттен қорғаса, қыстың күні шыршаларды заңсыз кесіп кетуден сақтайды.
‒ Орманның табиғаты ерекше ғой. Соған қарамастан, туған мекенді қимаймын. Осы жердің таза ауасы, тыныштығын аңсап тұрамын. Орманды бір аралап келсем, сол маған ғажайып демалыс, – дейді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Дина Нұғманова
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
0 просмотров