
Өнерлі де өнегелі Қашқынбаевтар отбасының мәдениеттегі жолы мен отбасы құндылықтары жайлы сыр
Қамысты ауданында тұратын өнерлі жұп – Эльмира Ғалибекқызы мен Досбол Қашқынбаевтар биыл шаңырақ көтергендеріне 30 жыл толуын атап өтпек.
Бұл отбасы кез келген аудандық мерекелік шараларда белсенділігімен көзге түсіп, мәдениет саласының дамуына үлес қосып келе жатқан нағыз өнер жанашырлары.
Өнер жолы – өмір жолы
Эльмира мен Досболдың таныстығы Арқалық қаласындағы Төкен Елтебаев атындағы музыка училищесінде басталған. Үшінші курстан бастап араласып, кейіннен тағдырларын бір арнаға тоғыстырған. 1995 жылдың 26 тамызында шаңырақ көтерген жұп бүгінде төрт баланың ата-анасы, екі немеренің ардақты әжесі мен атасы.
–Біз Қамысты ауданына 2009 жылдың мамыр айында Әулиекөл ауданынан көшіп келдік. Жолдасым Досбол Бестөбе ауылындағы жаңадан ашылған «Достық» мәдениет орталығына директор болып шақырту алды. Ал өзім музыка пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолымды жалғастырдым, – дейді Эльмира Ғалибекқызы.
2011 жылдан бастап Қамысты ауылына көшіп, сол уақыттан бері осы жерде тұрып жатыр. Қазір Досбол Қашқынбаев Қамысты аудандық мәдениет үйіндегі «Саз-тұмар» ұлт аспаптар ансамблінің жетекшісі. Ал Эльмира Ғалибекқызы №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінде бастауыш сынып пен музыка пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінде музыкалық жетекші қызметін де қатар алып жүр.
Балалар – отбасының жалғасы
Өнерге жақын бұл әулеттің балалары да ата жолын жалғап келеді. Тұңғыш ұлы Бекарыс мемлекеттік басқару ісі бойынша білім алып, өз жолымен еңбек етуде. Екінші ұлы Бейбарыс – өнер саласының өкілі. Қостанай педагогикалық институтының түлегі, қазіргі таңда Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының жеке солисті, камералық хордың әншісі және үрмелі аспаптар оркестрінің белді мүшесі.
Қалған екі перзенттері де жоғары оқу орындарында оқуда. Бірі – Астанадағы медициналық университеттің студенті, екіншісі – Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде дене шынықтыру мамандығын меңгеріп жүр.
– Балаларымыз ешқашан қиындығымен мазамызды алған жоқ. Барлығы өздері тамақтанып, сабағына барып, тәртіпті болды. Біз тек сүйемелдеп отырдық, – дейді кейіпкеріміз.
Марапат пен мойындалған еңбек
Отбасының өнер саласындағы табандылығы мен үлгілі тірлігі елеусіз қалған жоқ. Олар облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанып, «Рухани қазына» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, Қазына меценаттар клубының иегері атанған Досбол Қашқынбаевтың есімі де аудан мәдениетінде ерекше аталады.
– Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде отбасымызбен бірге өнер көрсетіп, ән шырқадық. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, – дейді олар.
Эльмира апайдың өнерге бейімділігі тектен емес. Оның әкесі – Жанкелдин ауданындағы белгілі әнші, «Ғасырлар пернесі» ансамблінің мүшесі Ғалибек Бейсенбаев. Ал атасы Әбдіхалық та әншілік пен актерлік өнерден құр алақан болмаған. Сондықтан өнер бұл отбасының қанына сіңген қасиет деуге болады.
Қиындықсыз өмір болмайды
– 2014 жылы үшінші қызымыз үшінші сыныпта оқып жүрген кезінде қант диабетіне шалдықты. Бұл жаңалық отбасыға үлкен сынақ болып тиді. Дегенмен біз бірлігіміздің арқасында бәріне төтеп бердік, – дейді олар жүрекжарды әңгімесінде.
Өнерлі, өнегелі бұл отбасы Қамысты ауданында ғана емес, жалпы Қостанай өңірінде мәдениеттің шынайы жанашырлары ретінде танымал. Еңбегімен елге сыйлы болған отбасына алдағы уақытта да шығармашылық табыс, денсаулық пен баянды ғұмыр тілейміз!
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31