
Қамыстыда атаулар мәселесі талқыланды
Қамысты ауылында ономастика саласына қатысты түсіндіру-зерттеу жұмыстары бойынша кеңейтілген кездесу өтті.
Іс-шараға белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұйымының Вице-президенті Досмахамбет Көшім арнайы келді. Ұлттық таным, тарих мәселесі сөз болған жиынға билік өкілдері, сала мамандары, қоғам белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиынды модератор Гүлжан Жантайқызы Тасмұхамедова ашып, ономастика саласының ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың маңызды құралы екенін атап өтті. Әрине, елді мекендер мен көше атауларының жай таңба ғана емес, ұрпаққа рухани мұра екені анық.
Кездесу барысында Қамысты ауданының әкімі Ерлан Әлімбайұлы Жаулыбаев қатысушыларға алғысын білдіріп, өңір көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ономастика саласының маңыздылығы, тарихи атауларды қалпына келтірудегі бағыттар, тұрғындармен жұмыс істеудің тәсілдері жан-жақты саралану қажеттігі негізгі ұстаным болу керек.
Досмахамбет Көшім ономастика саласы жөнінен республикалық деңгейдегі ахуалға шолу жасап, негізгі үш бағытты түсіндірді.
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасы ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Айжан Жусанқызы Садуақасова ономастика саласының заңнама тұрғысынан реттелуіне тоқталды.
Аудан аумағында ономастика саласы бойынша дәйекті түсіндіру жұмыстарын атқару мақсатында Қамысты ауданының Ономастикалық жұмыс тобы бекітілген. Оған жергілікті депутаттар, ардагерлер, тарихшылар кіреді.
Қамысты ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Баекеұлы Бекмұхамедов қорытынды сөз сөйлеп, ономастика саласында бірізділік пен халық арасында түсіндіру жұмыстарын жолға қоюдың маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында сұрақ-жауап форматында ашық пікір алмасу өтіп, қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен нақты бастамалар айтылды. Соның бірі – ғимараттардың мекенжайы жазылғанда да оның стилистикасы қатаң сақталуы керек.
Шара қорытындысы бойынша ономастикалық жұмыс тобының қызметін жетілдіру, көше атауларын жаңғыртуда қоғамдық қолдауды арттыру мәселелері көтерілді. Алдағы уақытта да осындай ашық пікір алмасулар жалғасын таба бермек.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31