Қамыстыда жеті балалы отбасы жаңа баспанаға ие болды
Қамысты ауылында көпбалалы Арысбаевтар отбасы жаңа баспананың кілтін алды.
Жеті баланы тәрбиелеп отырған отбасы осыдан төрт жыл бұрын оңтүстіктен қоныс аударып, Жайылма ауылына орналасқан. Көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған олар биыл көптен күткен баспанасына қол жеткізді.
Гүлсім Арысбаева жаңа үйдің үш бөлмелі екенін айтып, отбасы үшін бұл үлкен қуаныш екенін жеткізді. Балалары да жаңа баспананы қуана қабылдаған.
– Былтыр Жаңа жыл кезінде тұрғын үй кезегінде тұрдық. Жеті баламыз бар. Үлкен баламыз 13 жаста. Үш бөлмелі үйдің кілтін алдық. Балаларға да ұнады. Қазір жаңа баспанамызға қоныстануға дайындалып жатырмыз. Балаларымыз Жайылма мектебінде оқиды. Кейін Қамысты мектебінде оқуын жалғастырмақ. Төрт жыл бұрын оңтүстіктен көшіп келген едік. Көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған болатынбыз. Осындай қолдауға ие болғанымызға қуаныштымыз, – дейді Гүлсім Арысбаева.
Жаңа баспана отбасы үшін тұрмыстық жағдайды жақсартумен қатар, балалардың болашағына да жаңа мүмкіндік береді. Енді Арысбаевтар отбасы Қамыстыдағы өз шаңырағында өмір сүрмек.

Айта кетейік, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Қамысты ауданында тұрғын үйге мұқтаж ретінде 212 азамат есепте тұр. Биыл ауданда тұрғын үй құрылысы мен қайта жаңғыртуға 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жоспар бойынша жалпы ауданы 3700 шаршы метр болатын 57 пәтерді қамтитын 34 тұрғын үй салу және реконструкциялау көзделген.
Соңғы үш жылда Қамысты ауданында 120 отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтарға арналған тағы 36 пәтердің құрылысы жүргізілуде.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31