Қамысты өңірі: Арқа ауылы үздік ауыл атанды
«Үлгілі ауыл – Лучшее село» облыстық байқауында Арқа ауылы «Үздік ауыл» аталымында жеңімпаз атанды.
Ал «Үздік спутниктік ауыл» номинациясында Алтынсарин ауылы үздік деп танылды.
Бұл жетістік – елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне бейжай қарамайтын тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған байқау ауылдардың абаттандыру деңгейін ғана емес, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын да көрсетті.
Арқа ауылдық округінің әкімі Қолқанат Басқынбаевтың айтуынша, байқауға дайындық барысында ауылдың тыныс-тіршілігі мен атқарылған жұмыстарды көрсететін фотосуреттер ұйымдастырушыларға ұсынылған. Осы материалдар негізінде ауылдың жетістіктері бағаланып, Арқа үздіктер қатарынан көрінді.
«Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Шамамен үш ай бұрын бізден ауылдың тыныс-тіршілігін көрсететін суреттер сұратылды. Сол кезде дайындаған материалдарымызды жібердік. Нәтижесінде, Арқа ауылы «Үздік ауыл» атанды. Біздің елді мекенде тазалық пен абаттандыру жұмыстарына тұрғындар бір кісідей атсалысады», – дейді ауыл әкімі.
Әкімнің сөзінше, байқау кезінде ауылдың әлеуметтік нысандары мен көркейту жұмыстарына да назар аударылған. Атап айтқанда, мәдениет үйінің жұмысы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылуы ауыл өміріндегі маңызды өзгерістердің бірі болды.
Арқа ауылында тұрғындардың ортақ іске жұмылуы – тазалық мәдениетін қалыптастырудың негізгі тетігі. Көшелерді таза ұстау, қоғамдық орындарды күтіп-баптау және ауылдың келбетін жақсарту секілді жұмыстардың нәтижесі осындай байқауларда көрініс табады.
Арқа ауылдық округінің әкімі Қолқанат Басқынбаевтың өзі де өңірге сырттан келіп, ауыл өміріне белсене араласқан азаматтардың бірі. Ол Қызылорда облысындағы Асқар ауылының тумасы. 2022 жылы «Солтүстікке қоныс аудару» бағдарламасы арқылы Әулиекөл ауданының Федосеев ауылына көшіп келген.
Мамандығы – мұғалім. 2022-2024 жылдары Федосеев мектебінде ұстаздық етіп, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарған. Ал 2025 жылдың маусымынан бастап Арқа ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған.
Білім саласынан ауыл басқаруына келген азамат үшін тұрғындармен жұмыс істеу, елді мекеннің дамуына үлес қосу – жаңа жауапкершілік. Бүгінде Арқа ауылының облыстық байқауда жеңімпаз атануы ауылда жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Сурет кейіпкердің өзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31