
Ағдарбек Жантұғылов – Қарабатырдың тірегі
Қамысты ауданына қарасты Қарабатыр ауылында бір азамат бар. Ол – ауыл десе, жүрегі елжірейтін, еңбектің дәмін ерте татқан, шын ниетімен халыққа қызмет етіп жүрген жан. Бұл – көп жылдан бері мал дәрігері болып келе жатқан Ағдарбек Жантұғылов.
Ағдарбек Мұңайтпасұлы 1965 жылы іргелес жатқан Свободный ауылында қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. Анасы Ырысты апай – механизатор болып еңбек майданында шыңдалса, әкесі Мұңайтпас – тарихты тереңнен қозғайтын, елге сыйлы, мал дәрігерлік саласына ғұмырын арнаған жан. Ағдарбек аға да осы бір қадірлі мамандықтың ізін жалғап, әке жолын берік ұстанып келеді.
Мектеп бітірген соң Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы совхоз техникумында зоотехник мамандығы бойынша білім алып, екі жыл әскерде Отан алдындағы борышын өтейді. 1986 жылы елге оралғаннан кейін еңбек жолын Бестөбе ауылында зоотехник ретінде бастайды. 1988 жылы Науырзым ауданының тумасы Ақжарқын есімді арумен шаңырақ көтеріп, бір жылдан кейін Қарабатыр ауылына қоныс аударады.
Алғашқы жылдары Қаракөл бөлімшесінде мал бағып, шаруаға төселеді. Сол кезден бастап ол ауыл өмірінің нағыз бел ортасына енеді. 1993 жылы Қарабатыр агрофирмасының басшысы Жәзит Кәрімұлының шақыртуымен ауылдың бас мал дәрігері қызметіне ауысып, осы салада тапжылмай отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.
Бүгінде «Қарабатыр» агрофирмасында 400-ге жуық ірі қара, 150 қой және 80 бұзау бар. Ағдарбек Жантұғылов осы малдың бәрінің саулығын бақылап, уақтылы вакциналау, ветеринарлық тексеру жұмыстарын жүргізуде үлкен жауапкершілікпен айналысады.
– «Биыл қыс жайлы болды. Қыстан мал-жан аман шықты, азық жеткілікті. Бірақ кадр тапшылығы сезіледі. Жас мамандар жетіспейді. Қазір механизатор да, малшы да, мал дәрігері де тапшы. Еңбек бар, бірақ жағдай жасалуы тиіс. Ауылға газ, таза су келсе, кім ауылдан қашады? Мен өзім бала күнімнен еңбекпен шыңдалдым, ауыл – менің жан дүниемнің бір бөлігі», – дейді ол.
Ағдарбек аға жұбайы Ақжарқын апаймен үш ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұлдары өз салаларында еңбек етуде: тұңғышы – қаржы саласында, қалған екеуі – құрылыс бағытында кәсібін дөңгелетіп жүр. Алты немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Ағдарбек Жантұғыловтың айтуынша, бүгінде ауылға жастар тарту жұмысы әлсіз. Бұрын әр ауданда техникумдар болып, жастарды ауылшаруашылық мамандықтарына бағыттайтын жүйе бар еді.
– «Насихат жұмыстары жетіспейді. Жастар еңбекке икемді, тек бағыттап, қолдау көрсету керек. Әйтпесе ауыл босап қалуы мүмкін. Ал, ауыл – халықтың алтын бесігі. Ауыл деген береке ғой. Оны сақтап қалу – бәріміздің парызымыз», – дейді ел ағасы.
Қарапайым ауыл азаматының өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Елге адал қызмет ету, табанды еңбек пен қарапайымдылық – Ағдарбек Жантұғыловтың басты өмірлік ұстанымдары.
-Жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сондықтан қиындығына мойымау керек. Мал санын арттырып, одан мол өнім алу үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Өзім, тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем болатынын білемін. Өйткені, әкем әрдайым еңбектің наны тәтті екенін санамызға құйып өсірді. Ал өзім бала кезімізден еңбекке араласып, мал шаруашылығының қыр-сырын меңгердім. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қара суығы, күз бен көктемнің жауын-шашынды күндері еңбек адамының жігерін мұқата алмайды. Мал шаруашылығында еңбек еткен мен секілді әрбір адам әр күннің қадірін біледі. Несібемді осы саладан таптым. Сондықтан менде шаршау жоқ,- дейді Ағдарбек аға.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31