
Қамысты ауданында тұрғындарды баспанамен қамту және елді мекендерді абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қолжетімді әрі сапалы тұрғын үй – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатының кепілі болуы тиіс» деген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан нақты істердің бірі.
Аудан орталығы – Қамысты ауылында республикалық бюджет есебінен екі пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бүгінгі таңда соның сегізі (яғни 16 пәтер) пайдалануға берілді. Қалған 17 үйдің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.
Қамысты аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмат Елемісовтің айтуынша, жаңа баспаналарға барлық инженерлік желілер тартылады, табиғи газбен жылытылатын болады.
– Жаңа үйлердің әрлеу сапасы, қауіпсіздігі мен инженерлік жабдықталуы қатаң бақылануда. Сондай-ақ тұрғын үй маңындағы аумақты абаттандыруға ерекше мән беріліп отыр. Балаларға арналған ойын алаңдары, спорттық құрылғылар және демалыс аймақтары заманауи талаптарға сай салынады, – дейді А.Елемісов.
Оның айтуынша, бұл үйлер алдымен кезекте тұрған азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік осал топтарға, жас мамандар мен көпбалалы отбасыларға беріледі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов дүйсенбі күні өткен аппарат кеңесінде аудан әкімдеріне құрылыс сапасы мен абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырған болатын.
– Біз тек көп салып қана қоймай, сапалы, ыңғайлы әрі барлық қауіпсіздік стандарттарына сай құрылыс жүргізуіміз қажет. Әрбір жаңа нысан – адамдардың өмір сүру ортасы. Сондықтан балалар алаңдары мен спорт құрылғылары сапалы материалдан жасалып, қауіпсіздік талаптарына сай болуы шарт. Бұл – міндет, – деген еді облыс басшысы.
Сонымен қатар, әкім тұрғындарды қоғамдық бақылау процесіне белсенді тарту қажеттігін атап өтті. Құрылыс сапасына тұрғындардың да пікірі әсер етуі тиіс.
Тек тұрғын үймен ғана емес, әлеуметтік нысандармен қамту бойынша да Қамыстыда бірқатар істер атқарылып жатыр. Биыл аудан орталығында жабық хоккей корты салынды. Бұл нысан ауыл жастары үшін спортпен айналысуға мүмкіндік береді.
Абаттандыру бағытында да нақты жұмыстар бар: көшелер жөнделіп, жарықтандыру жүргізілуде, қоғамдық кеңістіктер жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, құрылыс қалдықтарын басқару және экологиялық қауіпсіздік те күн тәртібінен түскен емес. Бұл жұмыстар мердігер ұйымдармен бірлесе отырып, бақылауда ұсталып отыр.
– Қамысты ауданында тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұл – аудан тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың көрінісі. Жаңа үйлер – тек баспана ғана емес, өмір сапасын арттыруға жасалған нақты қадам. Біз алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты тоқтатпаймыз, – дейді Алмат Елемісов.
Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес Қамыстыда алдағы уақытта да тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар салу және инфрақұрылымды жақсарту бағытында кешенді шаралар жалғасын табады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31