
Қамысты бойындағы жаңа кешен
Қостанай–Қарабұтақ тас жолында салынудаҚамысты ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында бірқатар жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда. Аудандық кәсіпкерлікті қолдау бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл жыл соңына дейін жалпы құны 145 миллион теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның нәтижесінде 22 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Сол жобалардың бірі – Сахаров елді мекенінде бой көтеріп жатқан жол бойындағы сервис орталығы. Бұл нысанда жатақхана мен асханасы бар демалыс бекеті салынуда. Жалпы аумағы 300 шаршы метрді құрайтын жобаның құны – 80 миллион теңге. Оны жүзеге асырып отырған бастамашы – «Қарабатыр» агрофирмасы. Нысан пайдалануға берілген соң, 7 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Қазір нысанның негізгі бөлігі толық аяқталып, ішкі әрлеу және абаттандыру шаралары жүргізілуде.
«Қарабатыр» агрофирмасының директоры Марат Құдайқұловтың айтуынша, бұл жоба көптен ойда жүрген бастама.
– Сервис орталығын ашу көптен бері жоспарымда бар еді. Мұнда жанармай құю бекеті болмайды, тек жатақхана мен асхана жұмыс істейді. Нысан республикалық маңызы бар тас жол бойында орналасқандықтан, әсіресе қыстың күні немесе ауа райы қолайсыз кезде жолаушылар аялдап, демалып, жылынып алуына жағдай жасалады. Бұл трассамен күн сайын көптеген көлік өтеді. Аспазшы мен даяшы сияқты қызметкерлерді өз ауылымның тұрғындарынан аламын, – дейді кәсіпкер.
Қамысты аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Евгений Кузнецов та бұл жоба аудан үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бұл жоба ауданның инфрақұрылымдық дамуы мен шағын бизнесті қолдауда үлкен рөл атқарады. Жол бойындағы сервис нысандары – ауыл экономикасын жандандыратын маңызды бағыттардың бірі. Сахаров елді мекенінде жаңа нысан іске қосылған соң, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылады, ал ауыл арқылы өтетін жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіледі, – дейді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, Суреттер Адаев селолық округінің әкімдігінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31