
Қамыстыда бірнеше отбасы жаңа пәтерге ие болды
Қамысты ауданында мерейтойлық іс-шара аясында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар ашылып, тұрғындарға жаңа пәтер кілттері табысталды.
Бұл күн аудан үшін ерекше қуаныш пен игі істерге толы болды.

Қонақтар мен жергілікті тұрғындар ең алдымен Сейітжан Бекшентаев атындағы аудандық мешітке барып, құран бағыштап, тәу етті. Одан кейін ардагерлер үйі мен жаңадан ашылған «Атамекен» саябағын аралап көрді.
Аудан әкімі саябақтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ашылғанын атап өтті. Жобаның жалпы құны – 150 миллион теңге, оның 50 миллионы облыстық бюджеттен, ал 100 миллионы демеушілер есебінен қаржыландырылған.
Саябақта Қазақстан картасының шағын үлгісі, балалар мен ересектерге арналған ойын, спорт және демалыс алаңдары, жастарға арналған шағын сахна мен диско-алаң, облыстардың символына айналған мүсіндер орналасқан. Бұл орын бүгінде аудан тұрғындарының жиі серуендейтін сүйікті мекеніне айналды.

Мереке аясында бірнеше отбасыға жаңа пәтер кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Солардың бірі – полиция қызметкері Жалғас Әубәкіровтің отбасы. 2012 жылы Қамыстыға көшіп келген ол 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Биыл көптен күткен қуанышы орындалып, үш бөлмелі пәтердің кілтін жұбайы Гүлнар Боранбаева салтанатты түрде алды.
Ерекше атап өтерлігі – кілт табыстау рәсімін аудан басшысы емес, қазақтың көрнекті ақыны Серікбай Оспанов жүргізді.
– Өте керемет сезім. Осыған дейін жалдамалы пәтерде тұрдық. Енді өз шаңырағымыз бар. Үш баламыз кең, жарық үйде өсіп-өнсін деп тілейміз, – деді Жалғас Әубәкіров.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл 40 пәтердің кілтін беру жоспарланған. Қазіргі таңда 26 баспана дайын, ал қосымша 10 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
0 просмотров