Қамыстыда медицина мамандарына баспана беріліп, мұғалім тапшылығы шешіліп жатыр
Қамысты ауданында медицина және білім беру салаларындағы кадр тапшылығын азайту үшін мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жергілікті билік әсіресе жастарды ауданға тұрақты қоныстандыру үшін тұрғын үй мәселесін шешуге басымдық беріп отыр.
Аудан әкімі Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, соңғы үш жылда Қамысты ауданында 150-ге жуық үй реконструкциядан өткен. Бұл тұрғын үй қорын жақсартуға және ауданға келетін мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауданға қажетті мамандарды тарту мақсатында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Әкімнің сөзінше, ауданға жеті медицина маманы тартылып, олардың баспана мәселесі шешілген. Сонымен қатар оларға қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген.
«Жастарды қызықтыратын негізгі мәселе – тұрғын үй мен баспана. Сондықтан мамандарды тарту кезінде осы мәселеге басымдық береміз. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлармен де жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Ерлан Жаулыбаев.
Білім беру саласында да кадр мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұғалім тапшылығы басқа мектептерден педагогтер тарту арқылы уақытша толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар аудан педагогикалық жоғары оқу орындарымен және колледждермен байланыс орнатып, жас мамандарды тарту бағытында жұмыс істеп жатыр.
Әкімдік жас педагогтерді жұмысқа орналастырумен қатар, оларды тұрғын үймен және қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету мәселесін де қарастыруда.
Ауданда халық санын арттыру және еңбек ресурстарын толықтыру мақсатында қоныс аударушылармен жұмыс жүргізілуде. Әсіресе оңтүстік өңірлерден көшіп келетін азаматтарды қолдауға назар аударылған. Сонымен қатар төрт қандастың қоныс аудару мәселесі қарастырылып жатыр.
Көшіп келетін азаматтарды іріктеу кезінде олардың мамандығы мен ауданға қажеттілігі ескеріледі. Атап айтқанда, мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне басымдық беріледі.

Ерлан Жаулыбаевтың айтуынша, облыс әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бағыты бойынша тиісті тапсырмалар берген. Алдағы жылы Қамысты ауданына қоныс аударуға қызығушылық танытқан азаматтармен жұмысты жандандыру жоспарланып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31