
Қамыстылықтар 50 түп тал отырғызды
Республика күні қарсаңында Қамысты ауданының орталығында абаттандыру мен көгалдандыру бағытында ауқымды іс-шара өтті.
Аудан әкімі бастаған мемлекеттік қызметкерлер, түрлі мекеме ұжымдары және ауыл тұрғындары бірігіп, туған жердің келбетін көркейтуге өз үлестерін қосты.
Акция барысында Косма, Школьная және Ержанов көшелерінің бойына 50 түп пирамидалы терек отырғызылды. Бұл бастама «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асты.
– Ішкі саясат бөлімі атынан атап өткім келеді, бүгін Қамысты ауылында Республика күніне арналған маңызды да мәні зор іс-шара өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан басшылығымен, мекеме қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен бірлесіп жаппай ағаш отырғызу жұмыстарын жүргіздік. Бұл шара туған өлкемізге деген сүйіспеншіліктің, бірлік пен патриотизмнің жарқын көрінісіне айналды. Ағаш отырғызу – жай ғана экологиялық бастама емес, бұл болашаққа қосқан үлес, өмір сүріп жатқан жерімізге деген құрмет пен келер ұрпаққа қамқорлықтың белгісі. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – гүлденген және экологиялық тұрғыдан тұрақты Қазақстанның символы, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бахытгүл Байбакирова.
Ал ішкі саясат секторының меңгерушісі Әмір Иткузов бұл игі шараның ауылдың абаттандыру ісіне тың серпін беретінін атап өтті:
– Республика күні қарсаңында өткен ағаш отырғызу акциясы – ауылды көркейту мен тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталған іс-шара. Мұндай бастамалар елді мекеннің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады, – деді ол.
Аталған шара Қамысты ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және жастарға қоршаған ортаға қамқорлық танытудың маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Дина НҰҒМАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
