Қамыстының орталық көшелеріне 18 баған орнатылды
Аудан орталығы түнгі келбетімен көрікті. Орталық көшелердің, демалыс орындары мен аулалардың шамдары жарқырап тұрса, көзге қуаныш сыйлайды. Бүгінде Қамысты ауданының түнгі шырайын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынуда.
Аудан жұртшылығы көшелерді жарықтандыру мәселесін жиі көтеруде. Әсіресе, аудан әкіміне көп түсетін сауалдардың бірі десе де болады. Тұрғындар өтініш аяқ асты қалмай, жуырда орталық көшелерге 18 баған орнатылды. Аудан көшелері 100 пайыз жарық. Оған 41 млн 553 мың теңге қаражат бөлінді. Оның сыртында Қамысты ауылының көшелеріне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 33,65 шақырымды құрайтын Сип маркалы сым тартылды.
– 18 жарықтандыру тірегі орнатылды. Оның ішінде Гумилев көшесі бойынша (екінші учаске) – 14 жарықшам, Абай көшесінде – 2 жарықшам, Әуезов көшесінде – 1 жарықшам, Коммунальная көшесінде – 1 жарықшам қойылды. Орталық алаңда 18 тірек «Пушкин шамдары» орнатылды. Сонымен қатар, 14 тот баспайтын материалдан жасалған діңгек орнатылды (қырық екі үш жапырақты жарықшамдар орнатылды). Ленин көшесінде 28 жарықшамға (Пушкиндік) жөндеу жүргізілді, – дейді Қамысты селосының әкімі Бейбіт Меңдәулетов.
Жақында аудан орталығындағы мемлекеттік қызметшілер аллеясы алғаш рет жарқын belt light шамдарымен жарықтандырылды.
– Қамысты ауылының орталық алаңында ұзақ жылдар бойы тұрған «Пушкин шамдарының» жұмысында ақаулар орын алып, жарық өте әлсіз болатын. Үш жапырақшалы жарықдиодты шамдарға арналған 14 бағанды орнату бұл мәселені оңтайлы шешті. Орталықты одан да жарқырата түсу үшін қамыстылықтардың көңілінен шығып жүрген belt light жарық гирляндтары ілінді, – дейді Бейбіт Меңдәулетов.
Қазіргі таңда аудан орталығының келбетіне сән беріп, ажарын айшықтап тұр. Ең маңыздысы көше тұрғындары «жолымыз түнде жарық, балаларымыз мектептен қорықпай қайта алады» деп көңілдегі уайымның сейілгенін айтуда.
– Көптен күткен түнгі жарық мәселесі көшемізде шешімін тапты. Оған көршілер болып қуанып жатырмыз. Көшемізде үлкен кісілер көп тұрады. Кешқұрым бір-біріміздің хал-жағдайымызды сұрап барғанда қараңғылық жолымызға кедергі келтіреді. Одан бөлек дүкенге де шығып тұрамыз. Қысты күні кеш ерте түседі. Балаларымыз сабақтан қайтады. Сол кезде қараңғыға қалып қойса уайымдап отырамыз. Осындай кезде жарықтың көмегі қатты қажет. Тұрғындардың қамын ойлап, үлкен іс жасап отырған аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз, – дейді аудан тұрғыны Уәлихан Нұрпейісов.
Тұрғындардың алғыстан өзге айтары жоқ. Өйткені, тұрғындар көтерген өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне әр берген игі істің жүзеге асуы – ел экономикасының шарықтап дамуына дәлел.
– Өңірімізде жарықтандыруға жақсы көңіл бөлінуде Енді міне көшелерге шамдар орнаталып, ауылымыз түнде жап-жарық кейіпке енді. Аудан тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Барлық жағдай жасалған, ең бастысы адам ауылдан қашпай, еңбектену қажет, – дейді Қамысты ауданының тұрғыны Ақбидай Жеңісхан.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ, суреттерді түсірген Дина НҰҒМАНОВА
0 просмотровМного сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31