Қарабатыр ауылының мәдени өміріне серпін берген маман

Қамысты ауданына қарасты Қарабатыр ауылындағы мәдениет үйінде ауыл тіршілігіне жан бітіріп, рухани орталықтың тамырын тереңге жая білген белсенді маман – Пірмахан Әйгерім Сартайқызы.

Ол бүгінде мәдени шараларды ұйымдастырушы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Әйгерім 1994 жылдың 21 сәуірінде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге құштар, қоғамдық шараларға белсенді араласқан ол болашағын біліммен байланыстырды. 2010-2014 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжінде «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын туған жеріндегі №19 балабақшада ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде бастады.
Өмірлік серігін жолықтырғаннан кейін, отбасы жолдасының қызметіне байланысты Қостанай облысына қоныс аударып, Қарабатыр ауылына көшіп келеді. Мемлекет тарапынан берілген көші-қон бағдарламасы аясында жаңа өмір бастаған жанұя үшін бұл ауыл – бүгінде екінші Отан. Мұнда тұрып жатқандарына жеті жылдан асты. Осы уақыт ішінде Әйгерім де, жұбайы да ауыл мәдениетінің бел ортасында жүр: күйеуі – дыбыс операторы, ал Әйгерім – мәдениет үйінде ұйымдастырушы қызметінде.
–  «Қарабатыр ауылы алғаш келгенде бізге жат болған жоқ. Қабылдауы жылы болды, жұмыс та табылып, үйренісіп кеттік. Қазір бұл ауылды өз үйіміздей көреміз», – дейді ол.
Сонымен қатар, ауыл мектебінде де ағылшын тілі пәнінен қосымша сабақ беріп, жас ұрпақтың білім мен тілге деген ынтасын оятуға да атсалысып жүр. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жас ана жұмыс пен отбасылық өмірді тең ұстаған үлгілі ана.
– «Мектеп қабырғасынан бастап өнерге бір табан жақын болдым. Ән салып, би билеп, ең алғашқы сахнам – мектеп залы еді. Әрине, өнер мен талантты шыңдамаса, ұмыт болып кетуі мүмкін. Кейде аздап ән де салып қоямын. Өнер жолында арнайы білімім болмаса да, жүрек қалауымен істеп жүрген жұмысым бұл», – дейді ол.
Әйгерімнің ұйымдастыруымен Қарабатыр ауылында мәдени өмір қызу жүріп жатыр. Мерекелік концерттер, көркемөнерпаздар қойылымдары, жастарға арналған би кештері мен кино көрсетілімдері – мәдениет үйінің күн тәртібінен түспейді. Мұнда би, вокал және әжелер ансамблі секілді үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ көрші ауыл-аудандарға гастрольдік сапарлармен де шығып тұрады.
«Әу демейтін қазақ жоқ қой. Кейде өзім де сахнаға шығып, ән айтып тұрамын», – деп күлімдейді кейіпкеріміз.
Ауыл мәдениетінің бір жаңалығы – 2023 жылы құрылған әжелер ансамблі. Ансамбль құрамында ауылдың әр саласында қызмет еткен жеті әже бар. Олардың басты мақсаты – ұлттық өнер мен тәрбиені жас ұрпаққа жеткізу. Репертуарларында елуге жуық ән бар, көбісі – халық әндері мен ұмыт қалған туындылар. Қазірдің өзінде ұжым аудан, облыс көлемінде өнер көрсетіп үлгерген.
– «Үйірмелер санын арттыру керек. Домбыра, театр үйірмелерін ашуға ниет бар. Алайда ауылдық жерде бұл бағыттағы штат бірліктерінің болмауы кедергі. Егер арнайы мамандар келіп, үйірмелерді жүргізсе, ауыл мәдениеті одан әрі жандана түсер еді», – дейді Әйгерім алдағы жоспарларымен бөлісіп.
Отбасында үш қыздың тұңғышы ретінде жауапкершілік пен еңбекқорлықты бойына сіңіріп өскен Әйгерім – бүгінгі күні Қарабатыр ауылының мәдени тіршілігін өркендетуге өзіндік үлес қосып келе жатқан маман. Жергілікті жұрттың ықыласына бөленіп, туған жерінен жырақта жүрсе де, өз ортасына сіңісіп, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Редактор

Recent Posts

В Камыстинском районе начал работу Совет биев, созданный при районном Совете ветеранов

Аксакалы будут помогать жителям решать споры без суда. В состав совета вошли уважаемые аксакалы, почётные…

50 минут ago

165 семей в Камыстинском районе были обеспечены датчиками угарного газа

Сотрудники отдела по чрезвычайным ситуациям Камыстинского района совместно с представителями местных исполнительных органов посетили дома отдельной категории…

7 часов ago

В селе Камысты продолжается строительство физкультурно-оздоровительного комплекса

Новый объект станет важной частью спортивной инфраструктуры района и откроет большие возможности для занятий физической…

23 часа ago

Қамыстылық ақын Нағашыбай Ақылжан аймақтық айтыста топ жарды

Рудныйда «Алаш» қозғалысының көсемдерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, жалынды ақын Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына…

4 дня ago

This website uses cookies.