
Қарабатырдың еңбек иесі
Әке – отбасының қорғаны ғана емес, ұрпағына өмір жолын көрсететін шамшырақ.
Осындай азаматтардың бірі – Қарабатыр ауылындағы «Қарабатыр» агрофирмасының №1 бөлімшесінің бригадирі Руслан Жүсіпов. Ол – тек еңбек майталманы емес, ауыл өмірінің шынайы тірегі.
Руслан ағаның өмірі, еңбектің ерен үлгісі. Ол Қарабатыр ауылында дүниеге келіп, осы жерде өсіп-ер жеткен. Еңбекке деген сүйіспеншілік оған әкесі Жетпісбайдан дарыды. Әкесі – ауылдың белді механизаторы, бригадирі, анасы – шаңырақтың ұйытқысы болған. Осындай үлгімен өскен ұл да өмірін туған жерімен байланыстырды.
Ауылдағы мектепті бітірген соң, Руслан Бестөбе кәсіптік-техникалық училищесінде механизатор мамандығын меңгерді. Бұл таңдауы оның бүкіл еңбек жолының іргетасы болды. 1988 жылдан бастап туған ауылында еңбек етіп келеді.
Трактор тізгінін ұстаған сәттен бастап, Руслан аға науқандық жұмыстардың алдыңғы шебінде жүрді. Қазір – бөлімше бригадирі. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Егіс пен жинау науқанында әр техника мен әр жұмысшының тиімді жұмыс істеуі тікелей бригадирге байланысты.
– Таңмен таласа тұрып, күннің ыстығы мен жауынына қарамай жұмыс істеген күндер көп болды. Бірақ туған ауылға қызмет ету – маған қуаныш сыйлайды, – дейді ол.
Руслан Жүсіпов – көпбалалы отбасынан шыққан. Өзі де үш баланың әкесі. Өмірдің қиын кезеңдерінен өткен: жары мен ата-анасынан айырылған.
Дегенмен, мойымады. Қыздарының бірі – әлеуметтік қызметкер, екіншісі – жоғары оқу орнын тәмамдауға жақын. Ұлы – мектеп оқушысы, қазір әкесінің жанында, шағын өмір мектебінен өтуде.
Ол балаларына тек қамқорлық көрсетіп қана қоймай, еңбектің қадірін, отансүйгіштік пен қарапайымдылықты үйретіп келеді.
– Бүгінгі жастарға үлгі болатын әкелер керек. Руслан аға – солардың бірі. Еңбегімен де, тәрбиесімен де ауыл ішінде беделді, – дейді әріптестері.
Әкелер күні – отбасы, жауапкершілік пен құрмет жайлы ойланатын күн. Ал Руслан Жүсіпов – осы ұғымдардың барлығын бойына сіңірген азамат. Тек өз отбасына емес, ауыл жастарына да үлгі бола алған жан.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31