Қарабатырлық Айтолқынның берекелі отбасылық дәстүрі
«Жаздың әр күні – қыстың азығы» дейді көп балалы ана.
Қазақ халқында «Жаздың бір күні – қыстың бір айын асырайды» деген атам заманнан келе жатқан дала даналығы бар. Бүгінде де ауыл-аймақта жаз бен күз айлары – қысқа азық қамдайтын, маңдай тер мен берекенің тоғысатын ең жауапты мезгілі. Қамысты ауданына қарасты Қарабатыр ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Айтолқын Аяпбергенқызы да бұл ата-бабадан жеткен игі дәстүрді берік ұстанып келе жатқан үлгілі ошақ иесі.
Айтолқын – Қарабатыр жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Оның жұмыстағы ұқыптылығы мен жауапкершілігі әріптестері арасында жоғары бағаланады. Ал, оның отағасы Әділ – «Қарабатыр ЖШС Агрофирмасының» еңбекқор, сенімді жүргізушісі. Қазіргі таңда ауылда егін орағы науқаны қызып, дала жұмыстары қыз-қыз қайнап жатқан шақ. Осы жауапты кезеңде Әділ де таңның атысынан кештің батысына дейін егіс басында жүріп, ел ризығын жинауға өз үлесін қосуда.
Қызметі мен отбасының күйбең тірлігін қатар алып жүрген көпбалалы ана күзгі берекеде бақша өнімдерін ұқсатып, қысқы азық жинаудан да ешқашан қалыс қалған емес.
«Жаз бен күз – отбасының ырзық-несібесін арттыратын, береке кіргізетін алтын уақыт. Әр шаңырақ сияқты біз де бақшамызда өскен қияр мен қызанақты тұздап, түрлі салаттар мен дәмді тұздықтар әзірлейміз. Жеміс-жидектерден тосап пен компот қайнатып, банкіге жабу – біздің отбасының жылдағы бұлжымас жақсы әдеті. Осылайша өз қолыңмен, мейіріммен дайындаған қысқы азық әрі табиғи, әрі дәмді болады. Ең бастысы, отбасы бюджетіне де өте үнемді. Қыстың қаһарлы, суық күндерінде дастарқанға қойылған дайын тосап, салат, тұздалған қияр-қызанақтар жаздың жайдарлы, жылы дәмін еске түсіріп, көңілге қуаныш сыйлайды», – дейді Айтолқын Аяпбергенқызы.
Сондай-ақ, бұл шаңырақта жақында тағы бір үлкен қуаныш орын алмақ. Айтолқын Аяпбергенқызы тамыз айының басынан бастап бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, отбасын тағы бір сәбимен толықтыруға әрі алдағы асыға күткен қуанышты сәтке қызу дайындалуда.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен, отбасының берекесін кіргізіп, ұрпақ тәрбиелеп отырған ауыл аналарының мұндай еңбекқорлығы мен іскерлігі – кез келген жанға үлгі-өнеге.
Ауылдың қарапайым да берекелі тірлігі, ананың аялы алақанымен, ыстық ықыласымен дайындаған әрбір тағамы – қысқы дастарқанның сәні ғана емес, сонымен бірге шаңырақтың шынайы жылуы мен ырысының кепілі.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттер кейіпкердің өзінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
