Қамыстылық Құралай Қабдырақова “Еңбек ардагері” атағын алды
Өз мамандығын сүйетін, өмірінің отыз жылдан артық ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жанның бірі Қамысты ауданындағы №2 жалпы білім беретін орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Құралай Қабдырақова.
Жанкелдин ауданының Көкалат ауылында туған Құралай Қабдыраққызы орта мектепті аяқтағаннан кейін өзі таңдаған мамандығы бойынша оқуға түседі. 1987 жылы Ы.Алынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Жанкелдин ауданының Речной совхозының орта мектебінде химия пәнінің мұғалімінен бастады. Кейін 2000 жылы Қамысты ауданына қоныс аударды. 1991-2008 жылдары ол аталған білім ордасында педагог-ұйымдастырушы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыройлы атқарды. Бүгінде осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, химия пәнінен сабақ береді.
Қамысты ауданындағы №2 Қамысты жалпы білім беретін мектебінде жиырма жылдан артық еңбек етіп келеді. Ерен еңбегі ел алдында еленген, ол бүгінде бірнеше марапаттың иегері. Атап айтқанда, 2021 жылы Қостанай облысы білім департаменті білім беру және ғылым қызметкері кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет граматосымен және 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
2009 жыл ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Алғыс хатымен, 2013-2015 жылдары Қамысты аудандық білім бөлімінің грамоталарымен, 2016 жыл ҚР Тәуелсіздігіне 25 жылдық мерекелік медаліне кеудесіне тақты. 2016 жылы Ғылыми-әдістемелік орталығының педагогтар арасында қашықтықтан өткен «Өнегелі ұстаз» атты V Республикалық конкурсында «Үздік ашық сабақ» номинациясы бойынша екінші дәрежелі дипломымен, 2018 жыл Қостанай облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің арасында өткен республикалық интернет-олимпиадасының бірінші деңгейлі дипломымен, 2021 жыл өткен химия пәні бойынша Daryn олимпиадасына қатысып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, биыл жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнаған табысты еңбегі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен наградталды.
Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде түрлі марапаттарға ие болған Құралай Қабдыраққызы бүгінде бір тал гүлдің бақытты анасы, немерелердің асыл әжесі.
-Мұғалімнің бойында балаға деген мейірім, сенім болу керек. Талап қоя отырып, оны жетелеу, бағыт беру, шаршамай еңбек ету», – дейді білімді ұстаз.
Кейіпкеріміз әр оқушыны жеке тұлға ретінде қарауымыз керек, дейді. Отыз бес жылдық тәжірибесінде осыған көз жеткізгенін айтады.
– Қазіргі балалар өте жан-жақты, ақпаратты көп алады. Балалармен әміршілдік қарым қатынас емес, ынтымақтастық, адами қарым-қатынаста болсаң, анағұрлым тез тіл табысасың. Ұзақ жылдардағы тәжірибеме сүйенсем, ең бастысы баланың жүрегіне жол табу, сенім білдіру, үнемі шәкірттерге дұрыс бағыт беру, олардың көзқарас, ой пікірлерімен санасып отыру. Білімге деген қызығушылығын, құштарлығын арттыру. Ал ол үшін ең бірінші өз мамандығыңды сүйе білуің керек. Балалармен жұмыс жасау маған өте ұнайды. Мектепте балалардың ортасына барғанда отбасылық немесе басқада қиындықтықтарды, тіпті ауырып тұрғанымды ұмытып кетемін. Шаршайтын кездер де болады. Бірақ мамандығыма көңілім толады. Әсіресе шәкірттерің еңбегіңді бағалап, құрметтеп, алғыстарын білдіріп жатса одан артық марапат жоқ деп ойлаймын, – дейді ол.
Тәрбиенің бастауы, негізі отбасын¬да қаланады. Тәрбиесі жақсы бала басқа ортада болса да өзін солай ұстайды, дейді ұлағатты ұстаз.
Отбасында бауыры Әлия Қадыраққызы Арқалық қаласы Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етеді. Жиендері Әйгерім Арқалық қаласы Ш.Уәлиханов атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің химия пәнінің мұғалімі, Тұңғышбай Әулекөл ауданы Чернигов орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі, Тоғжан Қостанай қаласының «Бөбек» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші, Әсем Астана қаласының «Акжол-РА» жекеменшік мектебінде психолог болып қызмет атқаруда.
«Ұстаздан шәкірт озар» демекші Мақанғали Қадыржан Астана қаласының С.Сейфулин атындағы ҚазАТУ-дың грантын иеленіп, қазір С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, Ерлан Байкенов Қостанай педагогикалық институтының химия факультетінің грант иегері, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университетінің доктарантурасында оқумен қатар, №32 гимназия-мектебінің химия пәнінің мұғалімі.
Айта кету керек, күні кеше ғана Құралай Қабдыраққызы “Еңбек ардагері” төсбелгісімен марапатталды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Дина Нұғманова
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31