Мемлекеттік қызметкерлер арасында тартысты ойын
Аудан орталығының денешынықтыру-сауықтыру кешенінде мемлекеттік мекемелермен Қамысты ауданының ұйымдары арасында футзалдан және волейболдан жарыстар өтті.
Ұлттық валюта күніне арналған байрақты бәсеке 18-22 қараша мен 25-29 қарашада екі кезеңде өтті. Екі апта бойы алты команда табанды күрескенін айта кету керек.
Қатысушылардың әрқайсысы жоғары деңгейде, қатаң тәртіпте өз қабілеттерін көрсетті. Жарысқа Қамысты ауданының полиция бөлімі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, №1 Қамысты жалпы білім беру мектебі, №18 өрт сөндіру бөлімі, аудандық білім бөлімі және Қамысты ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемелері мен аудандық ұйымдар қатысты. Спорттың екі түріне жоғарыда аталған команда мүшелерінің үлкен дайындықпен келгендіктері байқалып тұрды.
Содан кейін «ұрыста тұрыс жоқ» демекші, командалар арасында белгіленген ойын реті бойынша қарымта басталып кетті.
Осылайша мемлекеттік қызметкерлер арасында ұймдастырылған қызу тартысқа толы волейбол мен футзалдан сайысы өз мәресіне жетті. Шешуші ойында командалар орындарды өзара келесідей бөлісті. І орынды – №1 Қамысты жалпы білім беру мектебінің командасы, екінші орынға – аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы табан тіреді, үшінші орынды – аудандық полиция бөлімінің құрама командасына бұйырды.
Волейболдан үздік танылғандар командаларды да келтіре кетейік. І орынды – Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жеңімпаз деп танылса, ІІ орынды – №1 Қамысты жалпы білім беру мектебінің ұжымы иеленді, ІІІ орын – Қамысты ауданының білім бөлімінің құрама командасы ие болды.
Сонымен қатар, ойын кезінде шебер ойындарымен көзге түскен жекелеген ойыншыларға да арнайы дипломдар табыс етілді. Волейболдан «Үздік шабуылшы» дипломымен Самат Төлебаев (БЖСМ) марапатталса, «Үздік диагонал жасаушы» атағына Арыслан Баяхметов (құтқарушы), «Үздік жеткізуші ойыншы» – Илья Клепиков, «Үздік байланыстырушы» – Заур Гаджиев (№1 ҚЖБМ), «Үздік ойыншы» – Владислав Малий (№1 ҚЖБМ), «Үздік қорғаушы» – Сағадат Құрманов (БЖСМ), Команданың үздік ойыншысы – Карина Қилыбаева (Рекорд), Команданың үздік ойыншысы – Карина Аңсатбаева (құтқарушы), Команданың үздік ойыншысы – Жанбатыр Кенебаев (Қамысты ауданы ПБ) танылды.
Айта кету керек, футзалдан «Үздік қақпашы» – Александр Мохнаткин (№1 ҚЖБМ), «Үздік қорғаушы» – Самат Төлебаев (БЖСМ), «Үздік шабуылшы» – Арсен Баймурзин (Қамысты ауданы ПБ), «Үздік ойыншы» – Әмірхан Ханибаев (№1 ҚЖБМ), Команданың үздік ойыншысы – Ермек Қуандықов (рекорд), Команданың үздік ойыншысы – Жансұлтан Төлепбергенов (құтқарушы), Команданың үздік ойыншысы – Қуаныш Сейталиев (білім бөлімі) танылды.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларға кубок, медаль, мадақтамалар және сыйлықтар табыс етілді. Ал үздік ойыншылар грамоталарға ие болды.
«Биылғы тартысты бәсеке Ұлттық валюта күніне арналып отыр.Қатысушылардың арасында аудандық құрамаларға кірген жеті адам бар. Әсіресе, республикалық және облыстық олимпиадаларға қатысып жүрген ойыншыларымызды ерекше атап өтуге болады. Өзім де волейболдан облыс атынан республикаға қатысқан едім. Мұндай дәстүрлі спорттық шаралар мемлекеттік қызметкерлер арасында жыл сайын өтіп келеді. Бірақ ауданда футзалдан біріншілік алғаш рет өтіп отыр. Әріптестеріміздің саламатты өмір салтын насихаттауға қызығушылығы жоғары және осындай дене шынықтыру ойындары мемлекеттік қызметкерлер арасында одан әрі үзілмей өткізіліп тұрса деген тілектері бар», – дейді, Қамысты ауданы әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімі ММ басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманов.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31