Қамысты: ауыл өміріне цифрлық серпін
Қамысты ауданында цифрлық технологияларды дамыту, шалғай елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ауылдардағы байланыс сапасын жақсартуға басымдық берілген. Атап айтқанда, Аралкөл және Дружба ауылдарында жаңа базалық станциялар салынып, Раздольное ауылы арқылы радиорелелік желілер көмегімен LTE мобильді интернеті іске қосылды. Сонымен қатар аудан орталығы мен ауылдық округтердегі мектептерді, медициналық пункттерді және әкімдік ғимараттарын талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласында да цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде. Шаруа қожалықтары егістік алқаптарын бақылау үшін GPS-трекерлерді, электронды карталарды және нақты егіншілік жүйелерін пайдалануда. Бұл өндірістік шығындарды азайтып, шаруашылық жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мал мен техниканы бақылау мақсатында бейнебақылау камералары мен автоматтандырылған есепке алу жүйелерін енгізу қолға алынған.
Мемлекеттік басқару саласында цифрлық платформалардың мүмкіндіктері пайдаланылуда. Аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің ресми құжаттары, бюджеті мен жобалары GOV.KZ порталында жарияланады. Тұрғындар мемлекеттік органдарға өтініштерін eOtinish жүйесі арқылы онлайн жолдай алады. Сонымен қатар мәслихат депутаттарымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін e-Мәслихат жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру саласында да цифрландыру үдерісі қарқын алып келеді. Балаларды мектептер мен балабақшаларға қабылдау қызметтері электронды форматта жүзеге асырылады. Оқу процесінде «Күнделік» және «Bilimland» платформалары қолданылады. Бұдан бөлек, оқушылардың ақпараттық технологияларға қызығушылығын арттыру мақсатында робототехника, 3D-модельдеу және мультимедиялық жобалар бойынша курстар мен байқаулар ұйымдастырылады.
Кәсіпкерлік саласында онлайн бақылау-кассалық машиналары мен электронды шот-фактураларды пайдалану кеңейіп келеді. Бұл есеп жүргізу жұмыстарын жеңілдетіп, қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Айта кетейік, Қостанай облысы цифрлық даму деңгейі бойынша республикадағы үздік бес өңірдің қатарына кіреді. Өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылық көрсеткіші 92,3 пайызды құрайды. Ал қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 84,6 пайызға жеткен.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31