Қамысты ауданының мәдениет ұжымы жүзеге асырған жоба үздік атанды

Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кино бейнеқор орталығының ұйымдастыруымен өткен Мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған жыл қорытындысы аясында Қамысты ауданының мәдениет ұжымы жүзеге асырған «Бабалар ізімен» жобасы мәдениет ұйымдары арасында үздік жоба деп танылып, арнайы марапатқа ие болды.

Қамысты ауданы жыл сайын жақсы жаңалықтарымен, тың идеяларымен және жаңа жобаларымен танылып келеді. Биыл да өңір абыройын асқақтатқан ерекше жоба көпшілік көңілінен шықты. Аталған жобаның авторы – Қамысты аудандық мәдениет үйінің басшысы Еркебұлан Кәрімұлы.

«Бабалар ізімен» жобасы аясында тұлпар мінген серілер облыс көлеміндегі бірқатар аудан мен қаланы аралап шықты. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттау. Осы игі мақсатта алты азамат атқа қонып, бес өңірге рухани сапар жасады.

Әр салада, әрбір еңбек жолында адамның табандылығы мен еңбегінің өз жемісі болады. Мәдениет пен өнер саласында да жыл бойғы еңбектің нәтижесі сараланып, үздік өнерпаздар мен үздік жобалар марапатталды.

Өнер жолы – үлкен жауапкершілікті, төзім мен ерік-жігерді талап ететін жол. Айтыс, терме, дәстүрлі ән, ұлттық аспаптар ансамблі, би өнері, театр жанры, жаңа жобалар мен үздік концерттер – осының барлығы ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі.

Жоба жетекшісі, Қамысты аудандық мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Кәрімұлы былай деді:

«Бұл жобаның бастауына Астанада жүзеге асқан «Сал-серілер ізімен» атты бастама себеп болды. Жоба авторларымен келісіп, Қостанай өңірінде өткізуге рұқсат алып, атауын «Бабалар ізімен» деп өзгерттік. Мақсатымыз – ұлттық киім, ат, салт-дәстүр мен домбыраны насихаттау болды. Жоба Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылып, өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Сапар барысында Денисов ауданы, Лисаков қаласы, Бейімбет Майлин ауданы, Рудный қаласы және Қостанай ауданы қамтылды», – дейді ол.

Аталған сапарға термеші, дәстүрлі әнші Абзал Алпысов та қатысып, бес жігіттің құрамында өнер көрсетті. Ол бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, жобаның мазмұны мен форматы жағынан ерекше болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ел аралап, ат үстінде жүріп ұлттық өнерді насихаттау – көрерменге де, өнер иелеріне де үлкен рухани әсер сыйлаған.

«Бабалар ізімен» жобасы – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани сабақтастықты жалғаған мазмұнды әрі маңызы зор бастама ретінде жоғары бағаланды.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Редактор

Recent Posts

Қамыстыда теміржолға 22 жылын арнаған маман

Қамысты ауданына қарасты Арқа ауылында теміржол саласында 22 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Жанат…

12 часов ago

Қамыстыда жеті балалы отбасы жаңа баспанаға ие болды

Қамысты ауылында көпбалалы Арысбаевтар отбасы жаңа баспананың кілтін алды. (далее…)

1 неделя ago

В хозяйстве «Талап» говорят: главной проблемой бахчеводов стала сайга

Село Уркаш издавна известно в Камыстинском районе своими бахчевыми культурами. (далее…)

1 неделя ago

Қамыстылық Рахиля Тәжибаеваның тағдыры ұстаздықпен тамырлас

Кей адамның өмір жолына көз жүгіртсеңіз, оның мамандығы мен болмысы бір-бірімен біте қайнасқанын байқайсыз. (далее…)

1 неделя ago

Қамысты ауданы: келер жылдың қамы – күзден

Ливанов ауылындағы «Алиев» шаруа қожалығында 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстары басталды. (далее…)

1 неделя ago

This website uses cookies.