Табиғатқа қамқорлық пен туған жерге жанашырлықты ту еткен қамыстылықтар мектеп ауласында жеміс бағын отырғызды.
Игі бастама «Менің аулам – менің бағым» облыстық жобасы мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асты.
Қамысты жалпы білім беретін №1 мектептің ауласында өткен шараға оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар бір кісідей атсалысты. Олар мектеп аумағына алма, өрік және қараөрік көшеттерін отырғызып, білім ордасының көркін арттыруға үлес қосты.
Бұл бастама ата-аналардың қолдауымен жүзеге асты. Олар қажетті көшеттерді сатып алып қана қоймай, балаларымен бірге ағаш отырғызу жұмыстарына да белсене қатысты. Осылайша, үлкендер мен өскелең ұрпақтың ортақ еңбегі мектеп ауласында болашақ жеміс бағының негізін қалады.
Мектеп директоры Намик Иманоғлы шараның тәрбиелік мәніне тоқталып, игі іске қолдау білдірген ата-аналарға алғысын жеткізді.
«Бүгін біз жай ғана ағаш отырғызып жатқан жоқпыз. Біз балаларымыздың болашағына үлес қосып жатырмыз. Әр бала өз қолымен отырғызған ағашын күтіп, оның өскенін көрсе, табиғатты сүюді, еңбекті бағалауды үйренеді. Бұл бақ – біздің бірлігіміздің жемісі. Ата-аналарымызға көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғыс айтамын», – деді мектеп басшысы.
Көшет отырғызу жұмыстары ұқыптылықпен жүргізілді. Әр ағаштың түбі суарылып, арнайы тақтайшалар орнатылды. Онда көшеттің сорты мен оны отырғызған сыныптың атауы жазылған. Енді оқушылар өздері еккен ағаштарға күтім жасап, олардың өсуін бақылап отырады.
Мұндай бастаманың мәні мектеп ауласын көгалдандырумен ғана шектелмейді. Бұл – балаларды еңбекке баулудың, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйретудің және ортақ іске жауапкершілікпен қарауды қалыптастырудың тиімді жолы.
Бүгінде отырғызылған әр көшет – болашақта саялы ағашқа, жемісті баққа айналатын үміт. Ал оны еккен балалар үшін бұл еңбек табиғатты аялаудың өмірлік сабағы болмақ.
Шұға Қоңқабай,
Суреттер мектеп әкімшілігі жолдады.
2026 жылы Қамысты ауданында елді мекендердің көше жарықтандыру жүйесін жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. (далее…)
Жайылма жерінде жыл басынан бері 30-дан астам экологиялық акция ұйымдастырылып, «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында 75…
Бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығын нығайту және жастарды салауатты өмір салтына баулу – Қамысты ауданындағы…
В Камыстинской средней школе № 1 начали формировать агрокласс, который объединит растениеводство, инженерное дело и…
Қостанай облысында «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында мектеп аулалары жеміс бағына айналып келеді.…
Алтынсарин ауылының тұрғыны, «Алтынсарин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас агрономы Әбіл Балмағамбетов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы»…
This website uses cookies.